Балаларды бүлдіршін кезінен бастап оқуға баулу — болашақта саналы ұлт болып қалыптасу кепілі дер едім. Сондықтан, Президентіміздің балалар кітапханаларын жаңаша дамыту жөніндегі тапсырмасын қолдай отырып, 2021 жылды “Балалар әдебиеті жылы" деп белгілеуді ұсынамын" - деген Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапхана басшысы Үмітхан Мұңалбаеваның ұсынысының қабылданғанын кітапханашылар да аса қуанышпен қарсы алдық. Бала тәрбиесіндегі кітап оқу мәдениетіне ата-аналар қолдау көрсетсе, мектеп мұғалімдері сыныптан тыс кітап оқуларына бағыт-бағдар берсе, кітапханашылар тарапынан балалардың іздеген кітабын тауып беріп, ұсыну мүмкіндігі кедергісіз болса, келешек ұрпақтың кітапқұмар, саналы ұрпақ болып өсуіне кепілдік зор.