Қызылқоғам ауылдық кітапханасында Торайғыр Едігеұлының 250 жыл толуына орай "Қазақта әйгілі би" атты портрет кеші 5-7 сынып оқушыларымен өткізілді. Шара барысында оқушылар Торайғыр бидің өмірбаянымен танысты. Торайғыр Едігеұлы (1772 – 1825) – белгілі би, шешен. Шыққан тегі арғын ішіндегі сүйіндік руының айдабол. Павлодар облысы, Баянауыл өңірінде туып өскен. Әкесі Едіге Төлебайұлы Тәуке хан тұсында би болған. Торайғыр орысқа бағынудан бас тартты. Орыс отаршылығына қарсы ақыл- парасатымен, айбынды сөзімен күрескен. Торайғырдың адамның қоғамдағы орны туралы түсінігі мен нақылдарына, жақсы мен жаманды безбендеген көркем әрі бейнелі сөздеріне дала даналығы, халық философиясы тән. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы замана қайшылықтарын терең таныған Торайғыр бидің нақыл сөздерін (“Аспан, жер және адам жаратылысы туралы”) өзінің тіршіліктің бастау сөздері жөніндегі ой-пікірлеріне дәлел ретінде пайдаланған. Баянауыл өңірінде “Торайғыр көлі”, “Торайғыр ауылы” атты жер-су аттары бар.